«Шаңырақ» көп балалы отбасыларды қолдау орталығы демеушінің көмегімен баспаналы болған отбасыларды шақырып мерекелік кеш өткіздік
ТӘУЕЛСІЗДІК — БӘРІНЕН ҚЫМБАТ…
Бүгін «Шаңырақ» көп балалы отбасыларды қолдау орталығы демеушінің көмегімен баспаналы болған отбасыларды шақырып мерекелік кеш өткіздік. Бір жақсы адам біз ұсынған 6 отбасыға баспана бақытын сыйлады. Бесеуіне қолма-қол ақшаға сатып берді. Алтыншы отбасыға ипотекасының алғашқы жарнасын төледі. Бұл — 27 бала өз үйінде, ешкімнің босағасына жаутаңдамай, еркін өседі деген сөз. Тәуелсіздік дегеннің не екендігін осы аналардан терең сезінген адам жоқ шығар…
Үй әперіп, мәрттік танытып жатқан адам көп қой. Бұл мәрттік — өтеуіне ештеңе талап етпейтін мәрттік… Бүгін демеушіге телефонмен хабарласып, үй алғандарды шақырып, салтанатты шара өткізетінімді айттым. Ол кісі мойынға артылған ауыр жүктен қажыған мені сөзбен демегенде жыладым. Адамға ақшасымен ғана емес, тағылымды әңгімесімен де демеу болу екінің бірінің қолынан келмес.
Жомарттық — материалдық емес, рухани кемелдік екен…
Бұл отбасылардың балалары да мәрт азамат болып өсетіндігіне күмәнім жоқ. Өздері сезінген қамқорлықты өмір бойы басқаларға да бөліп береді деп сенемін…
Бұдан бөлек, «АсарУме» қоғамдық қорына «Шаңырақ» орталығы ұсынған 9 баласы бар отбасы да үйлі болды. Қор қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, біз ұсынған отбасыға баспана сыйлады. Сонымен биыл жеті отбасы қайырымды жандардың көмегімен баспана шаттығына ие болды.
Бұл мерекені әнмен көмкеріп, бимен әрлеген «Қарақат мектеп-студиясы». Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесін «Шаңырақ» орталығы осылай ізгі іспен, рухани азықпен қарсы алдық.
Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

