ЛЮДМИЛА: “МЕН ЖҰБАЙЫМДЫ ЖАҚСЫ КӨРЕМІН, БАЛА ТАП ДЕСЕ ТАБА БЕРЕМІН”
ЛЮДМИЛА: “МЕН ЖҰБАЙЫМДЫ ЖАҚСЫ КӨРЕМІН, БАЛА ТАП ДЕСЕ ТАБА БЕРЕМІН”
Бұқар жырау ауданында ұлттық салт-дәстүр бойынша жарысқа түскен бес баланың анасы Людмила өз отбасын өлеңдетіп арнаумен таныстырды.
Ботақара кентінде өткен “Өнегелі отбасы – мемлекет тұтқасы” атты сайысқа көпбалалы отбасылар қатысты. Отбасылық құндылықтар мен ұлттық дәстүрді ұлықтауды мақсат еткен шараны аудандық “Шаңырақ” орталығы мен С.Торайғыров атындағы тірек мектебі бірлесіп өткізді.
Бұған дейін бұл сайысты үш елдімекенде өткізгенбіз. Бұқар жыраулық отбасылардың дайындығы өзгеше болды.
Қатысушылардың барлығы өз отбасыларын қара өлеңнен жыр өріп, төгілтіп арнау айтып таныстырды.
Ташинбековтар отбасының кішкентай бүлдіршіндеріне дейін өнер көрсетті. Бұл отбасы барлық баласын өнерге баулыған ерек жандар екен. Гауһар ханым баласының тұсауын ырымдап маған кестірді.
Серікбай отбасының отанасы Соңқар ханым өз жасауын көтере келіпті. Қолдан кестеленген шілтер, оюлы сырмақ, кебеже, алаша жиырма жыл өтсе де өңін бермеген. Балаларын еңбекке баулыған отбасыға сүйсіндік.
Әбілдиндер отбасына келін болған Людмила ханым қазақтың дәстүрімен беташар жасады. Отағасының жұбайы мен балаларының өнерін дамытуға жасаған азаматтығына риза болдық.
Жарасымды жұп Қолғанат отбасында ерлі-зайыптылардың өнері тең екен. Ән мен жырдан бірдей шашу шашты, балалары да ата-анасынан қалыспады.
“Өнегелі отбасы” сыйлығын 8 балалы Қолғанат, “Ұлағатты отбасы” номинациясын 4 балалы Ташинбековтар, “Парасатты отбасы” аталымын ауылдан арнайы кеп қатысқан 7 балалы Серікбай, “Өнерлі отбасы” номинациясын 5 балалы Әбілдиндер отбасы иеленді.
“Шаңырақ” көпбалалы отбасыларды қолдау орталығы — Бұқар жырау ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік тапсырысын орындайды.

