ЖАЛҒЫЗБАСТЫЛЫҚ ҚАЛАЙ ЗАҢДАСТЫРЫЛҒАН?
ЖАЛҒЫЗБАСТЫЛЫҚ ҚАЛАЙ ЗАҢДАСТЫРЫЛҒАН?
Жалғызбасты ана деген жұбайымен ажырасып келген ана деп ойлайтынмын. Қателесіппін. Жалғызбастылардың үш түрі бар екен.
Біріншісі, жұбайымен заңды түрде ажырасқан аналар, оларды — толық емес отбасы дейді.
Екіншісі, жұбайы өмірден озған, қазақша айтқанда жесір аналар оларды — асыраушысынан айрылған отбасылар дейді.
Үшіншісі тұрмысқа шықпай сәбилі болған аналар, оларды — жалғызбасты аналар дейді, міне оларға Үкімет 04 деген анықтама береді. Оны ХҚО-дан алады. Менің бүгінгі постым осы санаттағы аналарға арналады.
Бұрын, Кеңес заманында тұрмысқа шықпай бөпелі болатындар уыздай жас қыздар еді. Махаббат отына шарпылып, от басқан қыздар некесіз балалы болғанын жасыруға тырысатын. Ол кездегі жалғызбастылық — балалықтың, аңғалдықтың, аңқаулықтың символы еді.
Тәуелсіздік алғалы 04 деген анықтама көпбалалылардың арасында белең алды. Бір баланы, мейлі екі баланы, тіпті үш баланы ер-азаматқа алданып, некесіз дүниеге әкелуге болар. Ал төрт, бес баланы қатарынан әкесіз дүниеге әкелу ойландыратын жайт. Әрі көптеген жалғызбастылар 04 формасын міндетсуге, Үкімет қайда қарап отыр деп өктем сөйлеуге көшті. Жасы отыз-қырық шамасындағы әйелдер 04 формалы болып жатса мұның бір себебі болу керек. Мен соны зерттеуге көштім.
04 формасы бар отбасыларда балалардың барлығы бір әкеден. Әкесімен бірге тұрады, олар отбасын асырайды. Анасы ибалы, ілтипатты, тәрбиелі, салиқалы ана. Бірақ онда 04 деген анықтама бар. Неге?
Мен мұндай қарым-қатынасқа өз басым таң қаламын. Жұбайыңды не бар, не жоқ деп айт. Мұндай қарым-қатынасты көрген балалардың да осындай отбасы құрмасына кім кепіл. Заңсыз неке болғандықтан ер адамда да жауапкершілік болмайды.
Әкесі өмір бойы бірге тұрса да, ұлдары әскерде шешесінің фамилиясымен парызын өтейді. Үйленгенде шешесінің тегімен үйленеді, немерелер әйелдің фамилиясын иеленеді. Мұндай отбасы көбеймесе азайып жатқан жоқ. Мұның сыры Заңды жатыр екен.
Жалпы үрім-бұтағы фамилиясын арқалағанын қаламайтын, тегін баласына бергісі келмейтін әкелердің көздейтіні Үкіметтен жеңілдікпен үй алу. 04 деген анықтама болса өмірбақи үй кезегінде тұра беруге болады. ҚР Тұрғынүй қатынастары туралы Заңның 73-бабында солай жазылған.
Егер әйел тұрмысқа шықса немесе баласын әкесінің фамилиясына жаздырса кезектен шығарылады!!!
Ажырасқандарға да талап қойылған. Егер ажырасқанына үш жыл толмаса «Бақытты отбасы» атты 2 пайыздық ипотека берілмейді. Өтірік ажырасып жеңілдікпен үй алмас үшін Үкімет сондай талап ойлап тапқан. Ажырасқанын дәлелдеу керек. Үш жылдан кейін ғана арзан ипотека беріледі. Оны ешкім күтпейді. Сол себепті бір рет ажырасып, кейін қайта тұрмысқа шыққандар да некесін заңдастырмайды. Балалары да жартылай отбасыда өстім деп комплекспен өмір сүреді.
Сонымен жалғызбастылықтың көбеюіне бір жағынан әлеуметтік жағдайдың төмендеуі себеп болып отыр. Үйдің бағасы аспандап тұр, жалақы аз. Үй алудың бір жолы — 04 форма.
Бұл отбасылық құндылықтардың азып, қоғамның іштей ыдырауына алып келді. Ертең келін мен күйеу бала фамилияларың неге шешелеріңнің атында деп сұрауы мүмкін. Сонда балалар үй кезегіне тұру үшін әкем бізге фамилиясын беруден бас тартты дей ма?
Бұл мемлекетке де тиімсіз. Жалған некеде тұрғандар күйеуінің табысын жасырып атаулы көмек алады, үй кезегіне тұрады. Ұтқан ешкім жоқ.
Заңға өзгеріс керек. Тұрмысқа шығуды шектейтін, әкесі баласын мойындап тегін берсе кезектен шығаратын талапты алып тастау керек. Жалпы кезекке тұрмысы төмен кез келген отбасы тұра алуы қажет. Санатпен жіктегеннен пайда жоқ. Бәрібір кезек біреу.
