АУЫЛ ӘКІМІНІҢ ЖАЛАҚЫСЫ — 500 МЫҢ

АУЫЛ ӘКІМІНІҢ ЖАЛАҚЫСЫ — 500 МЫҢ

Кеше Қарағанды облысына Президенттің көмекшісі Karin Erlan мен Ulttyq keńes мүшелері Мурат Абенов, Марат Башимов, Төлеутай Рахимбеков, Максим Рожин, Асхат Садырбай, Александр Данилов, Кеңес хатшылығынан Найля Альмухамедова келді.

Ұлттық қоғамдық Сенім кеңесінің мүшелері аймақ басшысы Jenis Qasymbek мырзамен кездесті. Әкім облыстың тыныс-тіршілігімен таныстырды. Жүздесу облыстық Қоғамдық кеңес мүшелерімен ортақ талқылауға ұласты. Кеңес мүшелері Ерқара Аймағамбетов, Серік Төрегелдин, Наталья Вшивцевалар өңірде шешімін күткен мәселерді айтты. Нұркелді Зиядаұлы «Жасыл ел» бағдарламасының тұжырымдамасы аяқсыз қалғанын, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстағы түйткілдерді баяндады. Жастар кадрлық резервіндегі жастардың жұмыспен толық қамтылмағандығын көтерді.

Облыс әкімдігінен кейін Ұлттық кеңес мүшелері Достық үйіне жол тартты. Онда көп балалы аналарға арнап ашылған компьютерлік сауаттылық курсы мен «Сымбат» би клубына арнайы бас сұқты.

Ұлттық кеңеске мүше болғанда мен көп балалы аналарға үйде отырып кәсіп ашуға, қайтарымсыз грант ұтуға жағдай жасау мәселесін көтерген болатынмын. Осы сапарда Ерлан Тынымбайұлы осы мәселені көп балалы аналардың аузынан тыңдауға ниет білдірді. Мен үйде отырып, оқу оқып, 583 мың теңгенің грантын ұтып алған көп балалы аналарды шақырдым. Олар кәсіпкерлік негіздері курсының тиімді-тиімсіз тұстарын, үйде отырып грант ұту мен бизнес ашудың проблемаларын өз тәжірибесі негізінде баяндады.

Үйде отырып грант ұту үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бизнес бастау» курсын оқып сертификат алу керек. Онда бизнес план жасауды үйретеді. Сертификаты барлар жұмыспен қамту орталығының 583 мың теңгелік қайтарымсыз грант байқауына қатыса алады. Яғни осы ақшаға пеш, тігін машинкасы, т.б. сатып алып, кәсібін дамытады. Бұл үйде отырған аналарға өзін өзі жұмыспен қамтып, кәсіпкерлікке бет бұруға жол ашады.

6 баланың анасы Бақытты Канапина бұрын балабақшалар мен мектептерде фото, видеотүсірілім жасап, қаржы табатын. Пандемия кезінде ол бизнес тұралады. Сол себепті басқа бизнес түрін меңгерді. Ет, құрт ыстауды меңгерді. Оқу оқыды, грант ұтты. Дегенмен курс оқыту ісінде олқылық көп деді Бақытты. Курс ашуды практикамен ұштастыру қажет деді.

«Алтын алқа» иегері, 7 баласы бар Назипа
Бухабай «Бастау бизнес» курсын оқып, 580 мың теңгенің қайтарымсыз грантын ұтып алған. Енді Шет ауданында мал шаруашылығын дамыту үшін «Агрокредиттен» 4 пайыздық несие рәсімдеп жатыр. Қала тұрғындары да ауылдан бизнес ашса жеңілдетілген несие беретіні туралы айтты. Асыл тұқымды малға берілетін субсидияға қойылатын талаптардың кемшілігі мен курс оқытқанда бизнесті жүргізу толық түсіндірілмейтінін баяндады.

4 баласы бар Сәндігүл Көпжасарова да
«Бизнес бастау» курсын оқып сертификат алған еді. Бірақ оған қайтарымсыз грантқа қатысуға рұқсат жоқ. Қатысайын десе «черный списоктағы» несиесі бар. Банк карточкасы бұғатталған. Есепшоты бұғатталғандарға грант бермейді. Тығырықтан шығу үшін кәсіп ашқысы келеді. Бұрнағы жылы төлей алмай қалған несиесі алдынан көлденең шыға береді.

Бұқар жырау ауданы Үштөбе ауылының тұрғыны, көп балалы ана Кәмшат Нұрбекованың бизнес түрі ерекше — жүннен өнім жасау. Асыл тұқымды қойдың жүні жібекше есіледі, одан сырған шекпен қандай ауа райы болса да терлетпейді, тоңдырмайды деді Кәмшат. Курс оқып, грант ұтқан кездегі әсерімен бөлісті. Пандемия кезінде бизнес ашудың қиын болғанын баяндады.

Ұлттық кеңес мүшелері көп балалы аналардың ұсыныстарын жинап алып, жеке қарастыруға уәде берді.

Кеңес мүшелері сапарын Абай ауданында жалғастырды. Жақында ауыл әкімдерін сайлау болады. Ауыл әкімдерімен кездесіп, уәждерін тыңдады. Аудан әкімі Бауыржан Асанов пен облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров сайлаудағы жаңалықтарды хабарлады. Абай ауданындағы бір ауылдың әкімінің жалақысы 500 мың теңгеден асады екен. Ауыл әкімдерінің төменгі жалақысының өзі 350 мың екен. Меніңше жастар сайлауға түсссе, ауылды реформалауға жақсы мүмкіндік.

Одан кейін Ұлттық кеңес мүшелері фермерлермен кездесті. Егін даласына барды. Абайлық фермерлер ақылды техника пайдаланады екен. Картоп қазатын техниканы 42 млнға алдырып жатыр. Тыңайтқыш себетін ақылды техника 47 млн тұрады. Абайлық фермерлер Игорь Жабяк, Абдуахит Ибрагимов, Анвар Осиндар, субсидия берудегі олқылықтарды, картоп бағасының өсу себебін талқылады. Мичурин колледжі ең соңғы үлгідегі ауыр техникамен оқытады екен. Ол туралы директор Мұратбек Жұмадилдин баяндады.

Ұлттық кеңес мүшелері ел адамдарымен кездесті. Қарапайым адамдардың айтқанын өз құлағымен тыңдады.

Жоғарыда болатын реформалар осылай ел сөзіне құлақ асудан басталатыны сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.