Көп балалы аналарға кондитерлік өнімдер дайындауды үйреттік
Аналар күнінің құрметіне орай, «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығы мен «Ана-Мама» Қоғамдық қоры бірлесіп көп балалы аналарға кондитерлік өнімдер дайындауды үйретті. «Martsipan» кулинар студиясында тегін ұйымдастырылған шеберлік сағатында аналар 4 түрлі торт пен 2 түрлі пирог, лаваш пісіруді үйренді. Бұл сабақты жұма сайын өткізбекпіз. Әр апта сайын 10 ана аспаздық өнерді меңгереді деп жоспарлап отырмыз.
Шеберлік сағатын өткізудегі мақсатымыз — көп балалы аналар үйде отырып кондитерлік өнімдерді сатып, табыс тапсын, жеке кәсіп ашсын деген ізгі ниет.
Қатысушыларға кондитер Айжан Шалғымбаева ханым қайтарымсыз грант ұту үшін қандай электр пешін, асүй комбайнын алу қажеттігі туралы ақпарат берді, тәтті-дәмді тағамдар дайындаудың қыр-сырын үйретті.
«Ана-Мама» қорымен үш жылға жуық әріптестік байланыстамыз. Қор біздің ұйымға мүше, тұрмысы төмен отбасыларға ұдайы қайырымдылық көмек көрсетіп келеді.

