«Ана-Мама» ҚҚ «Мектепке жол» акциясы аясында кеңсе тауарлары салынған сөмкелер сыйлады.
«Ана-Мама» қоғамдық қоры пандемия кезінде қайырымдылықпен белсенді айналысты. Короновирус екі өкпеден қысқан кезде жоқшылықтан қажыған жандар мешіттен көмек сұрады. Құдай үйінен пана сұраған жандарға «Ана-Мама»қоры дініне, ұлтына, нәсіліне бөлместен барлығына қолұшын берді.
Оқу жылы басталғанда қор мұқтаж отбасыларға арнап 340 оқушыға арнап оқу құралы мен сөмке алдырды.
Жыл бойы көмек сұрағандарға тонналап азық-түлікті тегін таратады.
Ай сайын Қарағандыда жылу мен тоққа қарыз жандардың 500 мың теңге коммуналдық төлемін жабады.
«Ана-Мама» қоғамдық қорының жетекшілері Ержан Абдраманов пен Марат Қанатұлы Түсіп былтыр демеушілердің басын қосып, Қарағанды облысына 100 оттегі концентратын алдыртуға мұрындық болды.
«Ана-Мама» қоғамдық қоры былтыр демеушілердің басын қосып, екі ай бойы үзбей ыстық тамақ істеп, Қарағанды қаласындағы дәрігерлерге жеткізіп отырды.
Пандемия кезінде облыс үшін өте ауқымды қайырымдылық шараларын ұйымдастырған қордың мүшелері жақсылығын жарнамаламайды, кеуде керіп мақтанбайды, марапат сұрап есік тоздырмайды. Содан да болар, таңнан кешке дейін қазанның маңында жүрген аналар биік мінберлерден марапат алмады. Жақсылық жүректен шыққан кезде еңбегін бұлдамайды, қызметін сатпайды.
Қордың үйлестірушісі, Қарағандыдағы мұқтаж отбасылардың әрқайысын жатқа білетін Жадыра Қуатбекова ханым кеше «Шаңырақ» орталығына келіп, жұмысымен танысты. Қор мүшелерімен алда бірлесіп атқарар жұмыстарды талқыладық. Қор көпбалалы отбасыларға «Мектепке жол» акциясы аясында кеңсе тауарлары салынған сөмкелер сыйлады.

