«Шаңырақ» орталығы жариялаған эстафетаны бүгін «Ана-Мама» қоғамдық қоры жалғастырып әкетті.
Желтоқсан айында Қазақ елі үш рет тәуелсіз мемлекет құруға қадам жасады. 1917 жылдың 13 желтоқсанында Алаш автономиясы жарияланды. 1986 жылдың 17-18 желтоқсанында Желтоқсан төңкерісі болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялады.
Биыл Тәуелсіздік алғанымызға — 30 жыл. Тәуелсіздік мерекесін біздің балаларымыз жаңа жылды күткендей күтетін, ғажайыптар салтанат құратын мейрамға айналдыратын кез жетті. Біз үшін Тәуелсіздіктен қасиетті, қастерлі ұғым болмауы тиіс. Ендеше біздің дербестігімізді білдіретін мерекені де өз деңгейінде атап өтетін кез келді. Осыған орай, «Шаңырақ» көп балалы отбасыларды қолдау орталығы» «Мейірім сыйла» атты челендж бастады.
Тәуелсіздік мейрамы — жүрек жылуын, жан мейірін сыйлайтын ұлық мерекеге айналсын! Ол мейлі ұстазға сыйланған бір құшақ гүл, жетім балаларды серуендеткен ойын-сауық алаңы бола ма, өзіңіз шешесіз. Бастысы әр адам өзінің басқаға керек екендігін, жалғыз еместігін сезінсін.
«Шаңырақ» орталығы жариялаған эстафетаны бүгін «Ана-Мама» қоғамдық қоры жалғастырып әкетті. 50 отбасыға азық-түлік себетін сыйлады. Олар челенджді «Бірлік» және «Зекет» қорына ұсынды.
«Мейірім сыйла» эстафетасын Сіз де жалғастырыңыз. Мейірім үзілмесін. Әр адамның жүрегінде бақыт пен қуаныш салтанат құрсын! Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құтты болсын!

