Біз «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығы қызметкерлері ауылдағы аналардың мәселесімен танысу үшін барып қайттық.
Кеше Бұқар жырау ауданы Үштөбе ауылында аудан әкімі Сержан Аймақов, Үштөбе ауылының әкімі Саят Шаяхов көпбалалы аналармен кездесті. Біз «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығы қызметкерлері ауылдағы аналардың мәселесімен танысу үшін барып қайттық.
Кездесуге ауылдағы мектеп директоры, емхана дәрігері, ауыл әкімінің орынбасары, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімі маманы, аудандық тұрғынүй қатынастары бөлімі маманы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы өкілі келіп қатысты.
Мамандар көпбалалы аналардың сұрақтарына жауап берді. Аудан әкіміне 41 автобусқа ОNAY карта рәсімдеу, балаларға тегін үйірмелер, Қарағандының ішінде тегін жолақы билеті, всеобуч, кәсіп бастауға берілетін қайтарымсыз грант, «Бизнес-бастау» курсы, Үштөбе ауылына қала статусын беру, медициналық көмек, дәрігерлердің жетіспеуі, демеушілік көмек, тағы басқа мәселелер туралы ұсыныстар айтылды.
Ауылдағы белсенді ана Кәмшат Нұрбекова «Талбесік» ұйымының белді мүшесі. Біз Қарағандыда облыс әкімдігі өкілдерін шақырып ұйымдастырған шараға Үштөбеден арнайы келіп, ауыл аналарының мәселелерін жеткізіп тұрды. Кәмшатты ауыл аналары атынан шақырып, қазіргі Мемлекеттік хатшы Ерлан Карин мырзамен кездестіріп, Кәмшат қайтарымсыз грантты ұтып алған тәжірибесімен бөліскен болатын. Сол кездесуде Ерлан Тынымбайұлына қайтарымсыз грант мөлшерінің аз екендігін мәселе етіп көтердік. Биыл қайтарымсыз грант мөлшері 1 млн 296 мыңға өсті, былтыр грант мөлшері — 583 мың теңге болған. Яғни, мемлекет аналар көтерген мәселені естіді.
Кешегі кездесуде Кәмшат Алпысбекқызы барлық аналардың атынан сөз сөйлеп, негізгі мәселерді әкімге баяндады.
Жалпы Үштөбенің аналары көзі қарақты, қала мен ауыл арасындағы теңсіздікке төзбейтін белсенді аналар.
Аудан әкімі С. Аймақов мұндай кездесуді жиі ұйымдастыруға өзі ұсыныс тастады. Ауыл әкімі мен орынбасары көпбалалы аналар чатына қосылды.
Ауыл әкімі Саят Нұрғазыұлы жауапты мамандарға көпбалалы аналардың сұрақтарын шешуге байланысты іс — жоспар жасауға тапсырма бергенін хабарлады. Айтылған ұсыныстар ретімен жүзеге асатындығын айтты.
Ең басты жаңалық — Үштөбеде көпбалалы аналар өзара жиналып, кездесулер өткізу үшін әкімшілік ғимаратынан бөлме бөлінетін болды.
Билік халықтың ұсынысына ашық екендігін көрсетті. Осындай кездесулер мен талқылаулар ауылда қордаланған мәселелерді бірлесіп шешуге жол ашатыны сөзсіз.

