МЕМЛЕКЕТ ТҰРМЫСЫ ТӨМЕНДЕРДІҢ ҮЙ ЖАЛДАУ АҚЫСЫН ТӨЛЕЙДІ — ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАТЫН ЖОЛ ОСЫ МА?
МЕМЛЕКЕТ ТҰРМЫСЫ ТӨМЕНДЕРДІҢ ҮЙ ЖАЛДАУ АҚЫСЫН ТӨЛЕЙДІ — ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАТЫН ЖОЛ ОСЫ МА?
Қазақстанда 590 мың адам үй кезегінде тұр. Оларды алдағы 40-50 жыл да үймен қамту мүмкін емес. Министрлік кезекте тұрған азаматтарды қолдаудың жаңа әдісін ұсынып отыр. Яғни күнкөрісі төмен екендігін дәлелдеген, кезекте тұрған көпбалалы, 1, 2 топ мүгедегі, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларға мемлекет үй жалдау ақысының жарты құнын төлеп бермек.
Үй кезегіне тұрғандар әкімдік үйді тегін береді деп ойлайды. Тегін емес, кезегі келіп алғандар ол үйді жалдап тұрғаны үшін ай сайын ақша төлейді. Яғни ол үйді — арендалық баспана дейді.
Қазақстанда арендалық баспананың екі түрі бар. Біріншісі меншікке қалатын арендалық үй. Екіншісі меншікке қалмайтын арендалық үй.
2017 жылға дейін әкімдіктен үй алғандардың барлығы үйлерін өз атына рәсімдей алады. Ол үшін үйдің қалған құнын төлейді.
2017 жылдан бастап кезегі келіп, әкімдіктен үй алғандардың атына үй ешқашан меншікке түспейді. 5 жыл сайын келісімшартты ұзартады. Бұл арендалық баспанаға мемлекет құйған қаржы қайтпайды.
Дегенмен, әкімдіктер беретін үй аз. Сол себепті мемлекет кезекте тұрғандарға арнап төмен пайызды ипотекалар ұсынды. Ол 2 пайыздық «Бақытты отбасы» бағдарламасы. Алғашқы жарнасын әкімдік төлейді. Сосын 5 пайыздық «Шаңырақ» бағдарламасы, алғашқы жарнасы 10 пайыз. «Бақытты отбасы» жылына бір рет құжат қабылдайды, бөлінетін орын аз. «Шаңырақпен» жыл бойы құжат қабылдайды. Бірақ оған жүгінетіндер аз.
«7-20-25» бағдарламасы сәтсіздікке ұшырады. Себебі ол тек жаңа үйге берілді.
«Отбасы банктегі» 6 пайыздық ипотеканы алу үшін алғашқы жарна — 50 пайыз. Халықта ондай қаржы жоқ.
Елдің бәрі баспаналы болған 10,75 пайыздық «Баспана хит» деген ипотекалық бағдарлама 2021 жылы жабылды.
2022 жылы екінші деңгейлі банктерде ипотека — 14 пайыздан басталады. Яғни, биыл ипотека алу азаяды, ай сайынғы төлемі үлкен.
Осы кезде кезекте тұрған барлық санатқа берілетін 5 пайыздық «Шаңырақ» ең тиімді нұсқа болуы керек еді. Бірақ бұл ипотеканы алу тиімсіз. Себебі, тек жаңа үйге беріледі. Біріншіден жаңа үйлер қымбат, 15 млнға тек бір бөлме келеді, екінші әрлеусіз, оны жөндеуге тағы 3-4 млн теңге қалтаңда болу керек. Ал екінші нарықтағы үйлер арзан, ремонтпен, 15 млнға үш бөлме келеді. Бірақ «Шаңырақ» бойынша екінші нарықтағы үйлерден ипотека алу көзделмеген. Тұрмысы төмендерді тек жаңа үйден ипотека алуға мәжбүрлеу — кімнің мүддесін көздейді?
Осыдан келіп, жарты миллион халық кезекте тұр. Ал 5 пайыздық ипотеканы алу тиімсіз.
Министрліктің мәлімдеуінше кезекте 590 мың адам тұр. Бұл күмәнді. Мәселен, сол 590 мың адамның екі кезегі бар. Қарағанды қаласының тұрғыны А.Асқар деген адамның кезегі әкімдікте — 347, ал егов базасында — 223. Ал, Д.Даткинаның әкімдіктегі кезегі — 1122, еговтағы кезегі — 998, ал Отбасы банкі базасында ол мүлдем жоқ. Арада жүрген 100 адамның кім екені белгісіз.
Еговтағы кез-келген адамның кезегін әкімдікке барып тексерсеңіз сәйкес келмейді. Сонда үйге мұқтаждар министрлік айтқандай 590 мың емес, 690 мың адам болуы әбден мүмкін. Арасында үй алғандар, көз жұмғандар болуы мүмкін деген себеп емес. Министрлік кезекті жылына бір рет, көктемде интеграция жасап, жаңартады. Ал үйлерді әкімдік желтоқсан айында мерекеде береді. Қанша жерден интеграция жасаса да, осы ауада қалқып жүрген 100 адам жоғалар емес. Сонда ортаға кезекте тұрмағандар да кіріп кетіп жатқан жоқ па деген заңды сауал туындайды. Бұл 2020 жылдан бергі жағдай.
Кезектегі былық бұл ғана емес.
Білім министрлігі бір жылда цифрланды. Денсаулық министрлігі де солай, Еңбек министрлігі бәленбай миллион адамды базаға енгізіп үлгерді. Ал үй кезегі 2019 жылдан бері цифрланып біткен жоқ.
Басында үй кезегінің бірыңғай базасын құруды Индустрия министрлігі СПК деген орталыққа берген. СПК — Қазақстанда кезекте тұрғандардың ортақ базасын жасауға тиіс болатын. Былтыр, Қарағанды қаласының 300-ден астам тұрғыны электронды базадан өзін таппады. Ал олар кезекте 10-15 жыл тұрған азаматтар, қолдарында растайтын құжаттары бар.
Былтыр Қарағанды облысының әкімі Jenis Qasymbek министрлікке звондап, базаға енбей қалған 302 қарағандылық азаматтың кезегін қалпына келтіруді сұрады. Базаға енбей қалғандардың дерегін алып, арнайы хатпен басқарма басшысы Улантай Усенов мырза министрлікке барып қайтты. Бұл адамдар «Бақытты отбасымен» ипотека алғысы келген. Ал базадағы кезекте болмаса «Отбасы банк» оларға ипотека бермейді. Ляззат Ибрагимова ханымға да бұл мәселені айттық. Бір жыл өтті, министрлік ол адамдарды базаға әлі енгізбеді. Биыл «Бақытты отбасының» құжат қабылдайтын уақыты таяп қалды. Министрлікке айттық, енді секіретін басқа жер жоқ, мәселе жойылмады, жаңағы 300 адам тағы да құжат тапсыра алмайды деген сөз.
Бір қаланың 300 адамы электронды базада жоқ. Егов пен акимат базасында сәйкеспейтін, ауада қалқып жүрген 100 адам тағы бар. СПК не істеген осы уақытқа дейін?
Биыл министрлік үй кезегін СПК-дан алып, https://kezekte.kz/ деген сервиске беріп жатыр. Сонда бірыңғай база құрады деп СПК-ға құйған қаржы қайда кетті? Үш жыл бойын неге электронды кезек толық жасақталмады? Енді мына сайтқа да қыруар ақша бөліне ме? Әрі кезекке енгізуді жергілікті әкімдіктерге жүктепті. Оларда штат аз. Мәселен Қарағанды қаласында 19 мың адам кезекте тұр, ал әкімдіктің ТҚБ бөлімінде штатта 4 қызметкер. Осыдан келіп, ауада жүрген 100 адам қайдан пайда болмайды?
Биыл арендалық баспаналарды субсидиялау қолға алынбақ. Айтылып жүргеніне екі жыл болды. Атамқұлов былтыр бұл субсидия жаңадан салынған үйлерге беріледі деген. Солай болса дұрыс. Бірақ биыл баспасөзде бұл субсидия — халық күнделікті жалдап жүрген үйлердің жарты ақысын төлеуге жұмсалады деп ақпарат тарап жатыр.
Онда жыл сайын республикалық бюджеттен бөлінетін 51 млрд теңге желге ұшады деген сөз. Осынша ақша бөлген соң, ол үйлер халықтың меншігіне өтсе, үлкен қолдау. Ал 51 млрд теңге тек үй жалдаудың жартысын төлеуге ғана жұмсалса, онда тағы да құрылыс компаниялары (мүмкін риалтерлер) пайда көреді. Дәл осы принциппен іске асса бюджет қаржысы құмға сіңгенмен бірдей.
Егер үй жалдауға осынша қаражат бөлінсе, ел үй алуға асықпайды. Жалдамалы пәтерде тұра береді.
Екіншіден жалған ажырасулар көбейеді. Табысын төмен көрсету, жалақысы төмен жұмысты таңдау белең алады.
Үшіншіден, субсидия — жеке тұлғалар жалға беретін үйлерге қатысты болса, Қазақстанда үй жалдау құны өседі. Бұл жеңілдікке кірмейтіндер үшін әлеуметтік теңсіздік пайда болады.
Жылына 51 млрд деген өте үлкен қаржы. Сол ақшаны арендалық баспанаға жұмсағанша, «Шаңырақ» бағдарламасы арқылы, бірінші және екінші нарықтағы үйлерге, 5 пайызбен, алғашқы жарнасыз ипотека етуге не кедергі? Есесіне үй атында қалады, уақытша баспана емес.
«Отбасы банкі» қаласа ипотеканы алғашқы жарнасыз ете алады екен. Қарағандыда шахтерлерге арналған ипотека іске қосылмақ, алғашқы жарнасыз. Дәп шахтерларда алғашқы жарнаға қаражат бар. Яғни, кезекте тұрғандарға алғашқы жарнасыз ипотека ұсынса, қаншама мың халық өздігінен ипотека алып, мемлекетке жаутаңдамай күн кешер еді. Себебі олар, онсыз да сол ақшаны үй жалдауға жұмсап жатыр.
Өткен жылдың соңында Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелері бас қосып, келесі жылдың жоспарын талқыладық. Ұлттық кеңес жұмысын биыл жаңа форматта жүргізбек. Бұған дейін біз мәселелерді көтердік, заңдар мен бағдарламаларға ұсыныстар айттық. Биыл нақты бір тақырыптар төңірегінде зерттеулер жүргізбек. Мен өз тарапымнан бюджеттік баспана, тұрғынүй кезегі тақырыбын зерттеу нысанасына алуды ұсындым.
Ұлттық кеңес қоғамда болып жатқан өзгерістерді дереу талқылайтын алаң. «Қаңтар қасіретінде» Кеңес мүшесі Уайс Ерсайынұлы Алматыға ұшып барып, комиссия құрамында тәуелсіз сараптама жүргізіп жатыр. Ал Жемис Турмагамбетова алғашқы күннен бастап адам құқықтары омбудсменімен бірге Қазақстан бойынша изоляторға түскендердің тізімін жасап, бірнеше қаланы аралап, қамалғандармен жүздесіп, адвокаттармен қамтамасыз етіп, құқықтарын қорғау үшін ұйымдастыру жұмыстарымен айналысуда. Айман Умарова жауапқа тартылғандардың заңдылығын қадағалау үшін тәуелсіз комиссия құрды.
Халықтың жағдайын шешпейтін, ат үсті қабылданған заңдар мен бағдарламалар халықтың әлеуметтік жағдайын ушықтырып, осындай жағдайға алып келді. Қандай да бір заң, бағдарлама қабылданбас бұрын ол ел алдында талқылануы қажет.

