ҚАЙДА БАРАСЫҢ?
ҚАЙДА БАРАСЫҢ?
Қарағандыда Қазақстанда баламасы жоқ Global City атты сауда-логистикалық кешен салынды деп бөркімізді аспанға атып, жар салғанымызға екі жыл өтіпті. «Ауыл фермерлері облыс орталығында өз өнімдерін делдалсыз өткізеді. Қырғызстан мен Өзбекстаннан арзан жеміс-жидек тасымалы жолға қойылады. Қарағандылықтарға ауыл шаруашылығы өнімдері нарықтағы бағадан арзанға сатылады, — дегенге сендік. Алайда былтыр жазда Қарағандыда картоп — 500, сәбіз — 600 теңге болды. Кешен салса да, салмағандай әсер алдық.
Қазір бұл сауда орталығында жылына екі рет ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Сонда бұл орталық жәрмеңке өткізу үшін ғана ашылған ба? Жәрмеңкені далада өткізсе де ешкім ұтылмаған. Басқа уақытта фермерлер неге ол жерде саудасын қыздырмайды? Әлде ол жерде қызмет көрсету құны қымбат па?
Глобал Ситиден қаптаған киім дүкенін көреміз. Ауыл фермерлері қайда? Арзан жеміс, арзан етті алу үшін халық неге әлі «Шығысқа» сабылып жүр? Етті әлі күнге «Арай» базарынан алған тиімді. Бұл кешенді мемлекет шетелдік киім дүкендерін орналастыру үшін субсидиялады ма?
Кешенде орналасқан Балалар алаңқайы да қымбат. Бір минут артық ойнаса (баланы шығару қиын, ойын орталықтары аз қалада) минутына 40 теңгеден есептейді. Бұл кешеннің басқа сауда-көңіл көтеру орталығынан айырмашылығы болмаса, онда несіне Орта Азиядағы ірі логистикалық, көтерме-тарату кешені деп ат қойып, айдар таққан?
Қайда барасың? Глобалға барамын дейтін күнге жетейік. Арзандаса, әрине.

