ДЕЛЕГАЦИЯ
ДЕЛЕГАЦИЯ
Кеше «Шаңырақ» орталығының жұмысымен танысуға Ақтөбе облысынан арнайы делегация келді. Премьер министр Е.Тоғжановтың тапсырмасымен вице-премьердің кеңесшісі, Президент жанындағы Әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі, Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаи республикадағы отбасын қолдау орталықтарының жұмыстарымен танысып, мониторинг жүргізуде. Өңірлерді аралау барысында Назипа Ыдырысқызы біздің орталық жұмысымен де танысып, жоғары баға берген болатын.
— «Қарағандыдағы «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының жұмыс тәжірибесін Қазақстандағы басқа орталықтарға үлгі етуге болады. «Шаңырақтың» тәжірибесін тарату үшін семинарлар ұйымдастырылсын»,-деген болатын Назипа Шанаи.
Вице премьер мен Президент жанындағы Әйелдер істері жөніндегі комиссия биыл отбасын қолдау орталықтарын барлық облыстарда, аудандарда ашуды ұсынып отыр.
Ақтөбе облысында отбасын қолдау орталықтары жоқ екен. Осыған орай, ақтөбеліктер әуелі елордадағы «Бақытты отбасы» орталығымен және Қарағандыдағы «Шаңырақ» орталығының жұмысымен танысты. Нұр-Сұлтан қаласындағы отбасын қолдау орталығы коммуналдық-мемлекеттік мекеме жанынан ашылған. Яғни құжат қабылдап, кеңес береді.
Ал Қарағандыдағы «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығын «Talbesyk» көп балалы аналар одағы» қоғамдық бірлестігі мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс негізінде ашқан. «Шаңырақ» орталығы электронды үкімет бойынша барлық жәрдемақыға құжат қабылдайды. Үй кезегіне, балабақша кезегіне қояды. 1 сыныпқа, АРТ-спорт жобасына тіркейді, ПМК-ға, мүмкіндігі шектеулі жандарға санаторий таңдауға өтінім қабылдайды. Қайырымдылық көмек көрсетеді. Жаңа мамандық меңгертетін курстар пен жәрмеңкелер ұйымдастырады. Бизнес бастауға берілетін қайтарымсыз грант пен 2 пайыздық ипотека алуға дайындайды. Отбасылық спорттық, өнер сайыстары мен бала шығармашылығын дамытатын байқаулар өткізеді. Көпбалалы отбасылар үшін мемлекеттік органдар өкілдері мен «Отбасыбанк» банк, «Даму»,
«Агрокредит» қоры, «Атамекен» ҰКП, нотариус, ЗАГС, адвокат, сот орындаушылармен кездесулер ұйымдастырады. Тікелей эфирлер өткізеді. Орталық қызмет көрсететін аналарға арнап ашқан ватсап топтарда көпбалалыларға қатысты барлық мемлекеттік бағдарламалар туралы жаңалықтарды хабарлап отырады. Тегін заңгерлік және психологиялық көмек көрсетеді. Яғни «Шаңырақ» орталығы көпбалалы отбасыларға кешенді көмек көрсетеді.
Біздің тәжірибеге республиканың, басқа облыстардың назар аударып жатқанына қуаныштымын.
Қарағандыдағы «Шаңырақ» орталығына Ақтөбе облысы әкімі аппаратының бас инспекторы Маханова Гүлжан Мейрханқызы, Ақтөбе қаласының жүмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Тұрмағамбетова Мақпал Шегаевна,
Мұғалжар ауданы әкімі аппаратының бас маманы, комиссия хатшысы Меирбекова Акзира Меирбековна, Мұғалжар ауданы Жастар ресурстық орталық директоры Бердыбаева Ляззат Ертлесовналар келді.
Біз орталық жұмысымен таныстырдық. Әр маман сұхбат берді, жұмыстарын әңгімеледі. Бізбен бірге Қарағанды облысының әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы орынбасары Толеу Мухтар Қарағанды қаласының жұмыспен қамту бөлімі басшы орынбасары Bahytnur Talipova лар қатысты.
«Шаңырақ» орталығы көпбалалы аналарға арналған түрлі семинарларды, дөңгелек столдарды, мерекелерде концерттер мен сайыстарды қаладағы Достық үйіндегі конференц залдар мен концерт залында өткіземіз. Келген қонақтарға Достық үйін көрсеттік.
Делегацияны көпбалалы аналарға тегін тігін курстарын өткізетін «Ісмер ана» ұлттық қолөнер клубына алып бардық. Қоғамдық келісім КММ Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Эльмира Сайлауқызы қонақтарға Аналар кеңесінің жұмысы мен мақсатын, көпбалалы аналарға көрсететін қолдауын таныстырды.
Делегацияға жаңадан ашылған Балалар және жасөспірімдер сарайын де көрсеттік. Бес мың балаға бір мезетте қызмет көрсететін Балалар сарайында елу түрлі үйірме мен секция тегін. Роботтар мен дрондар, дәнекерлеуші құралдары жинақталған мұндай заманауи балалар сарайы Ақтөбеде жоқ екен.
Ақтөбелік делегация «Шаңырақ» орталығының жұмысына жоғары баға берді. Осындай отбасын қолдау орталықтарын Ақтөбе облысында ашуға бекініп қайтты.

