«Талбесік» ұйымы Шет ауданына барып қайтты
Шет ауданы Ақсу-Аюлы елдімекені тұрғыны, 7 баланың анасы Гүлжазира Жүнісова ханымның өтінішімен Шетке барып қайттық. Гүлжазира ханым әкімдік берген арендалық үйдің сапасына наз айтқан болатын. Барып өз көзімізбен көрдік, батыр ананың бұрынғы тұрған үйін көрдік. Екі тарапты да тыңдадық.
Осыдан біраз бұрын алтын алқалы ананың жанайқайы туралы фейсбукқа жазғанбыз.
Аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және демографиялық саясат жөнінде комиссия хатшысы, Аналар кеңесінің төрайымы, “Ақтілеу” қоғамдық қорының директоры Гульшара Ахметова хабарласып, Кымбат Булкаирова екеуімізді Гүлжазираның үйіне алып барды. Ол үйге Шет ауданының әкімі орынбасары Азамат Әбілдин, ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Ақымжанов, Тұрғынүй қатынастары бөлімі басшысы Дархан Смайлов, осы бөлімнің бас маманы Қарғажан Жуаспаев, білім бөлім басшысы Елдос Смагулов, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айдын Төлеуов, құрылыс бөлімінің маманы Олжас, Ақсу-Аюлы ауылдық округінің әкімі орынбасары Ерсайын Құрманбаевтар келді, құжаттарды көрсетті, сұрақтарға жауап берді.
Біз арнайы барып, мән-жайға қаныққан дұрыс екеніне көзім жетті. Қыста мұз қатқан үй қазір беті бері қараған, бір қарағанда ат шаптырым тәуір үй. Үйге қосып жапсарлас салған бөлменің қабырғасы жұқа екен, пешті қайта қалап, кейіннен қосылған бөлмелердің қабырғасын қаптамаса болмайды. Бұл жерде қолданыстағы заңды жете түсінбеу де айғайға аттан қосқан. 2019 жылдан бастап, Қазақстанда арендалық үй туралы заңға өзгеріс енді. Сол жылдан бастап берілген арендалық үйлерді, сатып алуға болмайды. Яғни өмірбақи жалдап тұрады. Үйді мемлекет тартып алмайды, келісімшартты создырып тұра береді. Шет ауданында арендалық үй бір жылға ғана жалға беріледі екен, бұл ыңғайсыздық тудырады. Қарағандыда арендалық үйді бес жылға береді. Менің ойымша келісімшарт мерзімін қайта қараған дұрыс, жыл сайын создыру, құжат жинау қағазбастылықты, жүгірісті көбейтеді.
Гүлжазира ханым алған үйдің келісімшартын создыру мен тіркеуге тұруға байланысты мәселе бар екен, шешіледі деп ойлаймын. Бұл сондай күрделі мәселе емес.
Бұрынғы тұрған үйін көрдік. Тұруға жарамды, уақытша мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыға мекендеуге кіргізіп қойған. Экспертиза жасайтын компанияға менде сұрақтар туындады (білуімше Балқашта). Тұруға болатын үйді «апатты» деп акті шығарады. Сапасы төмен үйді қымбатқа бағалайды. Парадокс. Барлық мәселе осы сараптамадан туындаған.
Жергілікті биліктен көп балалы отбасыларға қатысты барлық сұрағымызға жауап алдық. Ол ауданда «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша өткен жылы аудандағы 16 отбасы қаладан үй алған. 2 пайыздық ипотека бұл ауданда жақсы насихатталады екен. Жалпы аудан бойынша 18 адам үй кезегінде тұр. Оларға екінші нарықтағы үйлер сатып әперілуде. Байқағаным аудандарда апатты үй көп. Осы категория бойынша кезекке тұрғандарды да «Нұрлы жер» бағдарламасына қосу керек. Яғни оларға да ипотека алуға мүмкіндік беру қажет.
Аудан аналарымен кездестік. Жалғызбасты ана Айгүл Қалдыбаева, көп балалы аналар Тиыштыкбаева Гүлшат пен Сапаргүл Ержановалар балабақша, апатты үй, баланы логопедке қарату, кезектен тыс үй алу бойынша сұрақтарын қойды. Мен өз тарапымнан қолданыстағы заңдарды түсіндірдім. Келесі жолы арнайы келіп, көп балалы аналармен кездесуге уәде бердік.

