ПАРТИЯҒА МҮШЕ БОЛМАЙ АҚ ӘКІМ БОЛУҒА БОЛАДЫ

ПАРТИЯҒА МҮШЕ БОЛМАЙ АҚ ӘКІМ БОЛУҒА БОЛАДЫ

Кеше ғана өткен ауыл әкімдерін сайлауда екі жаңалық болды. Біріншісі ешқандай партияға мүше болмастан әкім болып сайлана аласың. Екіншісі, дауыс беру нәтижесін жасыруға, өзгертуге мүлдем «шанс» болмады.

Бір қызығы бұл сайлауда партия атынан түскендерден гөрі, өзін өзі ұсынғандар саны екі есе көп болды. Яғни халықтың саяси белсенділігі артқан. Басқару ісіне араласып, ел мүддесін шеше алатындығына сенім бар.

Қазақстан халқының 13 пайызы кеше өз таңдауын жасады. Республиканың 730 елдімекенінде өткен сайлауда 2839 ер адам, 458 әйел адам үміткер болды. Жеті күннен кейін сайлауда жеңіске жеткен адам әкімдік қызметіне кіріседі. Бұл жолы сайлау бюлетенінде бірінші рет «бәріне қарсымын» деген графа болды.

Бұл сайлау — Орта Азияда тұңғыш рет өткізілгенімен ғана емес, партияға мүше емес азаматтардың да жеңіске жеткендігімен ерекше болды. Бұрын әкім-қара болу үшін белгілі бір партияның атынан долаға қатысу керек еді. Ал бұл сайлау еш партияға мүше болмастан, билікке араласып, саяси аренаға шығуға жол ашты. Содан да болар өзін өзі ұсынған азаматтар мол болды. Халық сеніміне ие болғандар жеңіске жетті.

Бұл сайлаудың тағы бір ерекшелігі, дауыс беру нәтижелерін өзгерту мүмкіндігі аз. Себебі ауыл шағын, кімнің кімге дауыс бергені, кімді қанша адам қолдайтындығы алақандағыдай анық. Сол себепті мұны Қазақстан тарихындағы ашық сайлау деуге әбден болады.

Дауысты аз жинаған азаматтар, жеңіске жеткен бәсекелестерін үнемі қадағалауда ұстайды. Сол себепті босаңсуға жол жоқ. Енді ауылда саяси белсенді азаматтар легі қалыптасады. Олар бюджет, салық, Жол картасы, бесжылдық жоспар дегеннен хабардар болады. Әкім келешектегі жоспарларды ауыл тұрғындарымен бірігіп талқылайтын болады. Яғни халықта ауылды дамытуға сырттан емес, іштен үлес қосуға ынта оянады.

Ауыл әкімдерін сайлау ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңес отырысында талқыланған, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бір жыл ішінде жүзеге асырған саяси реформасы. Реформаны жоғарыдан емес, ауылдан бастау — өз жемісін берері сөзсіз.

2024 жылы аудан әкімдерінің сайлауы өтеді. Ол кезде дода бүгінгіден де «ыстық» болары сөзсіз.

Фотода: Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында өткен сайлаудан көріністер.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.