БАТЫЛ ЖҮРЕК ҚҚ бізде қонақта
БАТЫЛ ЖҮРЕК
Өмірден таяқ жемеген адам кемде кем. Өкініш пен сәтсіздіктен бойын тіктей алмаған жан қаншама… Бірақ жарық дүние үшін арпалысқан кішкентай жүректер бізден батыр, бізден мықты…
Қарағанды облысында 4 700 астам мүмкіндігі шектеулі бала өмір сүреді. Бір күндік сәулеге ынтыққан кішкентай жүректер жаутаңдап ата-аналарынан көмек күтеді, ал жан азабын шеккен аналар дәрменсіз…
Өткен жылы ерекше баласы бар аналар бас қосып, Қарағандыда «Batyl jurek» атты қоғамдық қор құрды. Аутизм, ДЦП, дауна, тағы басқа дамуы кешеуілдеген балаларды бейінді дене тәрбиесі мен шығармашылыққа, еңбекке баулу арқылы әлеуметке дайындауды мақсат етеді. Баласын аяққа тұрғызу үшін емдету, оңалту кезінде бар қиындықты өз бастарынан өткізген аналар сынаққа кез болған басқа отбасыларға қол ұшын созу үшін біріккен.
«Batyl jurek» қоры емдеу-сауықтырумен ғана емес, қайырымдылықпен де айналысады. Айына бір рет бір балаға инвакресло сатып береді. Одан бөлек жыл бойы азық-түлік, дәрі-дәрмек, ойыншықтар, киімдер таратады. Түрлі байқаулар ұйымдастырады.
Биыл «Batyl jurek» қоры мемлекеттік тапсырыс негізінде инватакси қызметін қолына алды. Мүмкіндігі шектеулі 16 жасқа дейінгі балаларды қала ішінде тасымалдаудың қиындығын бұл аналардан артық ешкім білмейді.
Қоғамдық қорды 6 ана жүргізеді. Әрқайысының өз міндеті бар. Қордың белсенді өкілі Акижанова Гауһар Берікқызы ерекше балаларды бассейнде жаңа әдіс қолдана отырып шынықтыруы үйлестіреді.
Гауһар ханым «Шаңырақ» орталығына келіп, қордың жұмысын, алдағы жоспарларын таныстырды. Жұмысымызда ұқсастықтар бар екен. Қордың төрағасы Асқар Аужанов мырза аманатқа адал, шыққан шығынды өз қалтасынан көтеруге даяр, шыншыл азамат екен.
Келешекте «Batyl jurek» қорымен бірлесіп, жобалар жасау ойда бар. Мен өз тарапымнан әлеуметтік-мемлекеттік тапсырыс орындау жағына көмек көрсетуге уәде бердім.
«Шаңырақ» орталығы ашылғалы қаладағы біраз қоғамдық қорлардың өкілдерімен таныстық. Жалпы үкіметтік емес ұйымдар біріксе алынбайтын қама жоқ. Соңғы үш жылда қаладағы қай ҮЕҰ қандай деңгейде жұмыс жасап жатқанын бағамдап отырмыз.

