«ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» қорына кім иелік етеді?

«ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» қорына кім иелік етеді?

— Зейнетақы жарнасы қоры.
— Медициналық сақтандыру қоры.
— «Самұрық Қазына» әл-ауқат қоры.
— Енді, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры.

Алғашқы үшеуі, халықты қайдам, басшыларын жарылқады. Аспаннан жұлдыз сатып әперетін жағдай жасады.

Ендігі ашылатын қордың иесі де белгілі шығар. Әрине, бұған дейін де бюджетке қолды мол салған, ауылға бармағанына 20 жыл болған, қазақша білмейтін, білмегендіктен қазақтілді ортаның мұң-мұқтажынан бейхабар жан болар деп топшылап отырмын. Бізде кабинеттен шықпай тәжірибе жинап, астанадан ұзамай ақ бағдарламалар жазатын Үкімет басқа кімді қояды?

Үш жыл бойы шерулетін жүрген тек қазақтар. Мемлекеттің тапсырысын орындап миллиондаған қаржы игеріп отырған әлеуметтік зерттеу институттары, ұйымдар қазақ тілді ортаны неге зерттемейді? Сәтпаевтағы педофил оқиғасы, Қарағандыдағы Рим оқиғасы, Үкіметтің алдында шерулетіп жүрген көпбалалы аналар, қай Үкіметтік емес ұйым қазақтілді ортаға сауалнама жүргізді, әлеуметтік желілерлегі жазбаларды зерделейді? Мен бұлар неге шулап жүр, мәселесі қандай деп сұраған бірде бір зерттеу орталығын көрген жоқпын. Себеп біреу — Қазақстанда социологиялық зерттеу орыс тілінде жүргізіледі. Зерттеу кезінде орыстілді кеңістікке басымдық беріліп, соның нәтижесінде ұсыныстар жасалады. Ал екі кеңістіктің талабы мен сұранысы аспан мен жер екені белгілі.

Мемлекеттің қыруар қаржысын игеріп отырған ұйымдар мен орталықтар социологиялық зерттеулер жүргізудегі пәрменсіздігін дәлелдеді. Енді оларға қаржы құя бергенді қою керек. Бәрібір олардан мемлекетке еш көмек болып отырған жоқ. Алматы мен Астанадан аттап шықпайтын, ауылға бармайтын ондай зерттеу ұйымдарының қажеті не?

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорына қазақша сөйлейтін, оқитын, жаза алатын адамдар келеді деп үміттенеміз. Халықтың жағдайы тым мүшкіл екенін сол тілде сөйлеспесең қалай білесің?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.