ОСИН МЫРЗА СІЗ ҚАЙДАСЫЗ?

 

ОСИН МЫРЗА СІЗ ҚАЙДАСЫЗ?

Бүгін Қарағандыда Global Siti атты көтерме-тарату логистикалық орталығында (бұдан кейін ОРЦ деп қысқартып жазамын) облыстық Қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Глобал Сити — ауылшаруашылық тауарларын сақтайтын заманауи қоймалары, сату алаңдары бар Қазақстанда теңдесі жоқ ірі орталық.

Глобал Ситиге мемлекет 85,5 га жерді біржола тегін берген,

Қалалық бюджет есебінен 8 млн 790 мың теңгеге кәріз құбырын тартқан,

Бюджет есебінен 313, 8 млн тенгеге автожол салған,

Даму қоры арқылы субсидиялап, 8,2 млрд теңгенің несиесін 7,5 пайызбен берген.

Мемлекеттен осындай үлкен қолдау көрген Глобал Ситиде бүгінде қоймалар бос тұр, фермерлермен ынтымақтастық жоқ, логистика орнатылмаған.

Орта Азиядағы тұңғыш ОРЦ деп бірінші Президентке де, екінші Президентке де мақтанып көрсетілген Глобал Сити бүгінде әдеттегі сауда үйінің функциясын орындап отыр. Қарағандылықтар мұнда азық-түлік алуға емес, ОРЦ-ның ішіндегі Magnum, Sulpak, LC Waikiki-де сауда жасауға барады. Себебі ет-сүт, көкөністің бағасы мұнда шырқап тұр.

Қарағанды облысында 200 тонна картоп өндіріледі. Бірақ Глобал Ситиге бұл рекордтық картоптың ширегі де сақтауға берілмеген. Фермерлер картопты өздері сақтап, өздері өткізетін жол тапқан. Олардың картобын шетелдіктер егін даласынан тиеп әкетеді. Есесіне Қазақстанда былтыр картоп 500, сәбіз 600 теңге болды. ОРЦ-ға жүгінбей ақ фермерлер саудасын жүргізіп, пайдасын тауып отыр.

Қырғызстан, Өзбекстан елдерімен логистика орнату тұрмақ, аймақ фермерлерімен келіссөз жүргізе алмаған ОРЦ Қазақстанға керек жоба ма?

Мемлекет былтыр осындай тағы 7 ОРЦ салуды бастады. Біреуі іргедегі Нұр-Сұлтан қаласында бой көтереді. Глобал Ситидің коммерциялық директоры Наиль Мунасиповтың айтуынша бұл ОРЦ-лар бюджет есебінен салынады.

Ал қарағандылықтар «паравоздың алдынан жүгіріп» ОРЦ-ны өз қаржыларына салады. Сол себепті де қоймалардың бос тұрғанына, фермерлердің өнім сақтауға ықылас танытпайтындығына қынжылып тұрған жоқ. Киім сататын нүктелерден де қаржы түсіп отыр, несіне алаңдасын.

Глобал Сити басшылығы егін даласына барып арзан өнім сатып алуға құлықты емес. Халықты арзан өніммен қамтамасыз ету мемлекеттің міндеті деген ниетте.

«Егер мемлекет ауылшаруашылығы өнімдерін арзандатқысы келсе Глобал Ситиге электр тоғының құнын төмендетсін. Сонда фермерлерге қойманы арзанға жалдаймыз. Не болмаса фермерлерден арзан өнім сатып алуға бізге қаржы бөлсін», — деген ұсыныс айтты.

Яғни, бұл ОРЦ-ны салуға мемлекет 85 га жерді тегін береді, тегін инфрақұрылым жеткізеді, субсидиямен 8 млрд теңгені 7,5% несиелейді. Енді бұл орталыққа фермерлерді кіргізу үшін тағы мемлекет ақша құю керек. Логистиканы ойластырмаған, фермерлермен уағдаластығы жоқ жоба толық қуатына ену үшін мемлекеттен көмек күтіп, аузын айқара ашып отыр. Онда несіне салған?

Глобал Ситиде жұмыртқа 700, жылқының қазысы кг 4000 теңгеден сатылып жатыр. Үйдің жанындағы дүкеннен еш айырмасы жоқ. ОРЦ салынса фермерлік өнім арзандайды деген үміт ақталмады.

Бұл жобаға мемлекет субсидиялаған 8 млрд теңгенің несиесін жұмыртқа өндірушілерге берсе бізде осындай қымбатшылық болар ма еді? ОРЦ-ға көрсетілген қолдау ауылдағы фермерлерге неге тікелей берілмейді Әлихан Смайылов мырза?

Осыдан екі жыл бұрын министр Бахыт Сұлтанов мырза «ОРЦ-лар баға тұрақтылығын қамтамасыз етеді, аграрлық өнім бағасы 25%-ға дейін төмендейді» деп мәлімдеген болатын.

Бірақ, Глобал Сити — фермерлік өнімдер бағасын арзандатуға ОРЦ-лардың еш әсері жоқ екенін дәлелдеді. Ендеше Қазақстанда тағы осындай 24 ОРЦ-ны салудың қажеттілігі бар ма Karin Erlan мырза? 2024 жылға дейін тағы осындай 24 ОРЦ-ның құрылысы аяқталуы керек. Олар бюджет есебінен салынады, бұл мемлекеттің ақшасын есепсіз шашу емес пе?

Вице-Премьер, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың есімін Глобал Ситидің коммерциялық директоры Наиль Мунасипов бірнеше рет атады. Сұлтановпен Глобалситиліктер әмпей-жәмпей емес пе деген ойға қалдым. Қарағанды облысы Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Абылаева да, 85 га жерді Глобал Ситиге берген аталмыш министрлік, біздің қатысымыз жоқ деп сұхбат берді. Абылаева ханым жобаның бизнес жоспарымен де таныс емес екен, слайдын ғана көрген, министрліктен сұратуға қүзіретті емеспін деді.

Қарағандыда бизнес ашу, қаланың шұрайлы жерінен 85 га жер беру мәселесін астана шешетін болса, әкім не үшін отыр Jenis Qasymbek мырза?

Даму қоры екі жылдан кейін субсидияның тиімді қолданылғанын тексереді екен. Биыл тексеретін жылы. «Даму» бос тұрған қоймаларды көріп, несие дұрыс берілген екен деген шешім шығарар ма екен?

Субсидияның бір талабы жұмыс орнын ашу. ОРЦ-да қазір мың жарым адам істейді деді. Сірә жұмыскерлер санына сауда жасап тұрған арендаторларды да қосады. Себебі сонша адамды көрмедік. Бірақ Глобал Сити оларға жалақы төлемейді, керсінше аредаторлар ОРЦ-ға ақша төлейді. Сонда да жұмыс орнын ашып отыр деп есептеле ме?

Б. Сұлтанов мырза жақында «Дамуға» басшы болды. Оның Глобал Ситиді «Көрнекі инфрақұрылымдық объект» деп басқа аймақтарға үлгі қылғанын білеміз. Яғни, Глобал Сити «Дамудың» тексерісінен сәтті өтуі де мүмкін.

Қарағанды облысында 19 мың адам жер кезегінде тұр. Оларға жер беруге инфрақұрылым жоқ деген сылтау айтылады. Ал бір бизнесменге 85 га жер тегін біржола беріледі, оған инфрақұрылым жеткізуге бюджеттен 322 млн теңге бөлінеді. Бізде мемлекет әдейі істей ме? Сол 85 га жерден 850 отбасы он сотық жер алып, үй салып, әлеуметтік жағдайын дұрыстар еді. Ал ОРЦ салғаннан кімнің әлеуметтік жағдайы түзелді?

Облыстық Қоғамдық Кеңестің төрағасы Жанибек Садыканов өткізген алғашқы көшпелі жиыныннан осындай ой түйдік. Жәнібек Махмұтұлы бұл жиынға ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік басқармасы басшыларын шақырыпты. Алайда олар көктен түскендей аң-таң болып тұрды.

Садықановтың бұлтартпас сұрақтарынан қаймықты ма ОРЦ-нің коммерциялық директоры Наиль Мунасипов менің түрімді еш жерде жарияламайсыңдар, журналистерге сұхбат бермеймін деп азар да безер болды. Сондықтан бос тұрған қоймаларды түсіріп қайтуға тура келді.

Мүмкін, Глобал Сити орталығының қожайыны Анвар Осин мырза өзі ел алдына шығып, журналистерге сұхбат берер? Коммерциялық директоры камерадан қорқады екен. Осин мырза Президентіміз Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатқанда, мемлекеттік бағдарлама аясында салынған жоба туралы айтудан қашпайтын шығар?

Айтпақшы, Анвар Осин мырзаның туған бауыры Шамиль Осин Мәжілісте аграрлық комитеттің мүшесі. Ерлан Кошанов мырза азық-түлік қымбаттап, ауылшаруашылығы құлдырап кетті. Аграрлық комитеттегілер қымбатшылықтың алдын алуға құзіретті жандар ма? Жалпы Осин мырза қайда өзі? Қаңтар оқиғасынан кейін өзі сайлаған қарағандылықтармен кездесіп, халықтың айтарын көзбе көз тыңдады ма?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.