ОРТАЛЫҚҚА ГУЛЬНАРА БИЖАНОВА КЕЛДІ
«Шаңырақ» көп балалы отбасыларды қолдау орталығының жұмысымен танысуға Парламент Мәжілісінің депутаты Гульнара Бижанова келіп қайтты. Мәжілісменге өз мәселелерін айту үшін «Бақытты отбасы» ипотекалық бағдарламасының қатысушылары, көп балалы аналарды шақырдық.
Айнұр ханым бағдарламаға құжат тапсыруға үш күн қалғанда он жыл тұрған үй кезегінен шығып қалған. Дәлелдейтін құжаттары қолында. Айнұр Рахымжанованың мәселесімен депутат ханым тікелей айналысуға уәде берді.
Зәуреш ханым ипотеканың резервтегі тізімінде тұр. Негізгі тізім бойынша босаған орындарға қашан резервтегілер кіреді деген сауал қойды. Депутат «Отбасы банкінен» ақпарат алған бетте хабарлайтын болды.
Құдайбергенова Жадыра 10 миллионға үш бөлмелі пәтер табылмайтынын алға тартты. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша Қарағандыда үй алу құнын 15 млнға көтеруді ұсынды. Депутат ханым бұл мәселеден хабардар болып шықты. Нақты деректі анықтап хабарлайтын болды.
Жалпы депутат ханым көтерілген мәселелерден хабардар, шешуге ынтасы бар, сөзге мығым, іске ширақ екен.

