Жаны жомарт мырза

МЫРЗА

«Шаңырақ» көп балалы отбасыларды қолдау орталығында 4 отбасыға баспана кілтін сыйладық. Алда тағы 3 үй алу жоспарда. Сыйладық деймін, бұл үйлерді алып берген демеуші, былтыр да «Талбесік» ұйымының аналарына 7 пәтер алуға себепкер болған.

Бүгінде ішкен-жегеніміз, қыдырып-демалғанымыз, той-қуанышымызды әлеуметтік желіге салмасақ ішкен асымыз бойымызға сіңбейтін болды. Жарқ-жұрқ еткен инстаәлемде бәрі «бақытты». Дегенмен қарағайға қарсы біткен бұтақтай, бұл алдамшы жалғанға мойынұсынбаған, нәпсіден ынсапты жоғары қойған жандар арамызда бар екен.

Сұңқар шашып жейді, қарақұс басып жейді деген мәтел бар. Дәулетін елмен бөліскен және оны жарияға жар салып мақтанбайтын демеуші осы үш жылда Қарағанды, Теміртау, Ақтас қаласынан 15 отбасыға баспана кілтін сыйлады. Алда тағы үш пәтер алу жоспарда.

Кәсіпкер біз ұсынған тізімдегі әр отбасыға өзі барып, жағдайын зерделеп, шын мұқтаждарын таңдап алады. Үй рәсімделер кезде қаражатын ұстатады. Бірақ, өзінің кім екендігін айтқызбайды, егер жария қылсам зекетім қабыл болмай қалады деп есептейді.

Мен осы адамның арқасында өмірде таңғажайыптың болатындығына сендім. Қандай қиындық кезіксе де адам боп қалуға болатындығына көз жеткіздім.

Қазақта Атымтай жомарт, мәрт, мырза деген сөздер бар. Діни ұстанымына сәйкес бұл азамат жасаған жақсылығын жария қылудан бас тартып отыр. Дегенмен менің ойымша мұндай ізгі қадамдар айтылуы, насихатталуы керек. Дәулетті жандар ынталануы үшін. Өмірден түңілгендер күдерін үзбеуі үшін.

Жаны жомарт, өзі мырза бұл азаматқа дәулеті тасып, кәсібі жүруіне тілеулеспіз. Барлық жасаған жақсылығыңыз қабыл болсын! Сауапқа кенеліңіз.

#qazaqstan30 #qazaqstan30jyl

#ҚАЙЫРЫМДЫІСТЕРМАРАФОНЫ #МАРАФОНДОБРЫХДЕЛ

https://30jyl.kz/ru/news/marafon-dobrykh-del-chetyryem-mnogodetnym-semyam-podarili-zhilye-v-karagandinskoy-oblasti

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.